Біз туралы Іс шаралар Ресурстар Жаңалықтар Оқыту Байланыс
Іс шара

«Назипа Құлжанова және ұлттық мектепке дейінгі педагогика» тақырыбындағы «БАЛАЛЫҚ ШАҚҚА ИНВЕСТИЦИЯ» Республикалық онлайн форумы

29 сәуір 2026 Оқу уақыты: 2 мин
29 сәуір 2026

Күні

29 сәуір 2026

Орны

онлайн

2026 жылғы 29 сәуірде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Балаларды ерте дамыту институтының» қолдауымен және «BilimInvest» қауымдастығының ұйымдастыруымен «Назипа Құлжанова және ұлттық мектепке дейінгі педагогика» тақырыбында «Балалық шаққа инвестиция» республикалық онлайн форум өткізілді.

Форумның негізгі мақсаты – мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамытудың өзекті бағыттарын айқындау, ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбиені жетілдіру, сондай-ақ Назипа Құлжанованың педагогикалық мұрасын қазіргі білім беру үдерісіне тиімді енгізу болды. Іс-шараға Оқу-ағарту министрлігінің «Балаларды ерте дамыту институты» РММ өкілдері, еліміздің әр өңірінен 500-ге жуық мектепке дейінгі білім беру саласының ғалымдары, өңірлік Білім басқармаларының МДББ жауапты мамандары, облыстық, қалалық әдістемелік орталықтар мен кабинеттердің әдіскерлері, жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар меңгерушілері, әдіскерлері, тәрбиешілері мен педагогтері қатысты. Форум жұмысы ұйымдастырушылардың кіріспе сөзімен ашылды. Құттықтау сөз сөйлеген Балаларды ерте дамыту институтының директоры Ерманова Мария Наятовна мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыруда ғылыми негізделген тәсілдердің маңыздылығын атап өтті. «BilimInvest» қауымдастығының президенті Батырбекова Кулянда Уалихановна ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие беру мәселесіне тоқталып, педагогтардың кәсіби дамуына жағдай жасаудың маңызын ерекше атап өтті. Ал «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалының аға оқытушысы, PhD Касенова Самал Абдилжанатовна педагогтардың біліктілігін арттыру жүйесін жетілдіру қажеттігіне назар аударды. Форум аясында Назипа Құлжанованың өмірі мен педагогикалық қызметіне арналған бейнематериал көрсетіліп, оның ұлттық мектепке дейінгі педагогиканың қалыптасуына қосқан зор үлесі кеңінен таныстырылды. Негізгі бөлімде мазмұнды баяндамалар ұсынылды. Л.Гумилев ат. ЕҰУ-нің педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жиенбаева Сайра Нагашибаевна мектепке дейінгі балалардың еңбек мәдениетін ұлттық құндылықтар негізінде қалыптастырудың ғылыми-тәжірибелік маңызын ашып көрсетті. Семей қ., М. Әуезов ат. Педагогикалық колледж директоры Жанаева Шағангүл Алдамжарқызы өз баяндамасында Назипа Құлжанованың Семей кезеңіндегі өмірі мен қызметіне тоқталып, оның ағартушылық мұрасын тарихи тұрғыда талдады.

Ы. Алтынсарин ат. Арқалық педагогикалық университетінің аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Жандилдина Роза Есентаевна мектепке дейінгі кезеңдегі ұлттық тәрбие негіздерін Назипа Құлжанова көзқарастары арқылы қарастырып, олардың бүгінгі күнмен сабақтастығын көрсетті. Абай ат. ҚазҰПУ аға оқытушысы, PhD доктор Еркебаева Сауле Жомартовна ана тілін дамыту мен ұлттық тәрбиені насихаттаудағы Назипа Құлжанованың рөлін жан-жақты талдады. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Серикова Орал Сериковна мектепке дейінгі білім берудің өткені, бүгіні және болашағына тоқталып, жүйелі даму бағыттарын ұсынды. Практикалық бөлімде педагогтар Талдыбаева Жанар Нурадилкызы мен Ботыбаева Жадыра Қайырбековна ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбиелік жұмыстардың тиімді тәжірибесін ұсынды. Сонымен қатар, балабақша меңгерушісі Скабылова Айгүл Нурымовна мектепке дейінгі ұйымдарда қазақ тілін дамыту бағытындағы жұмыс жүйесімен бөлісті. Форум соңында қорытынды сөз сөйлеген Балаларды ерте дамыту институты директорының орынбасары Мукушева Гульнара Омарбековна іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, ұсынылған тәжірибелердің практикалық құндылығына тоқталды. Сондай-ақ Батырбекова Кулянда Уалихановна форум нәтижелері мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамытуға нақты үлес қосатынын атап өтті. Іс-шара барысында қатысушылар тарапынан мектепке дейінгі білім беру саласы педагогтарының еңбегін ынталандыру және олардың кәсіби мәртебесін арттыру мақсатында Назипа Құлжанова атындағы төсбелгі енгізу туралы ұсыныс білдіріліп, қолдау тапты. Жалпы алғанда, форум жоғары деңгейде ұйымдастырылып, кәсіби тәжірибе алмасу мен өзекті мәселелерді талқылауға тиімді алаң болды. Іс-шара нәтижесінде педагогтардың кәсіби дамуына ықпал етіліп, ұлттық педагогика құндылықтарын кеңінен енгізудің маңыздылығы айқындалды.